Тікелей эфир

Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқыды

2022 жылы Қазақстан мен Түркия ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толады.

Ғылыми кітапханада белгілі саясаткер университеттің оқытушы-профессорлары және студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.

Шара барысында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев Қазақстан мен Түркияның көпжылдық жемісті ынтымақтастығының маңызын атап өтті.

"Қазақстан мен Түркия – бауырлас мемлекет. Екі елдің қарым-қатынасы тәуелсіздікке дейін басталған. Қазақстан егемендігін алғанда алғаш құттықтап, достық ниетін жеткізген Түркия мемлекеті болатын. 1992 жылы Қазақстан мен Түркия мемлекеттері ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және алдағы екі ел ынтымақтастығының 30 жылдығы аясында Түркия Республикасының он бірінші президенті Абдулла Гүл мырзаның университетімізге келгені айрықша мәртебе", – деді университет ректоры Жансейіт Түймебаев.

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

"Осындай кездесуді ұйымдастырып, жылы қабылдағандарыңыз үшін университет ректоры Жансейіт Түймебаевқа және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Қазақстан – біздің атажұртымыз. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын! Қазақстанның жетістіктерін біз ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырамыз. Бүгінде елдеріңіз әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен еңбегі. Ол халық пен елдің игілігі үшін көптеген шараларды ұйымдастырып, Қазақстанды жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Ұлт көшбасшысының сара жолын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев абыроймен жалғастырып келеді", – деді Абдулла Гүл.

Кездесу барысында Абдулла Гүл жиналғандарға дәріс оқыды. Сонымен қатар Түркияның қоғам қайраткері өзінің саяси саладағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Шара соңында Абдулла Гүлге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Құрметті профессоры" атағы берілді. Сондай-ақ университет ректоры Жансейіт Түймебаев мейманды "әл-Фараби" алтын медалімен марапаттады.

Еске сала кетейік, Абдулла Гүл 2002-2002 жылдар аралығында Түркияның премьер-министрі, кейін премьер-министрдің көмекшісі, шетел істері министрі қызметін абыроймен атқарған. Ал  2007-2014 жылдар аралығында Түркияның президенті болды. 

Серіктестер жаңалықтары