Парламент мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау Қазақстанда жалдамалы пәтерлердің шекті бағасын бекітуді, оған қоса үйін жалға беретіндердің бірыңғай тізімін жасауды ұсынды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғын үй саясатына қатысты біраз мәселені көтерген депутат Нұргүл Таудың есептеуінше, бүгінде елімізде үйге мұқтаж жандардың қатары 4 жарым миллионға жеткен. Соның 1 жарым миллионнан астамы – жастар. Қазір 2 миллиондай қазақстандық жалдамалы пәтерде жүр. Ал баспананы жалдау құны қымбаттамаса, арзандаған емес. Депутат сондықтан бұл мәселеде нақты шешімдер қабылдауды ұсынды.
"Пәтерлерді жалға берудің шектік арасын айқындау қажет. Бұл жерде жалға берілетін пәтерлердің жағдайына сәйкес оларға хабарландыру сайттарында жұлдыз санын қою керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, бұл үрдіс жүзеге асырылу үшін жалға берушілердің бірыңғай тізілімін құру, жалға алу мен беруші шарттарының типтік жобасын бекіту қажет деп есептеймін", – деді Нұргүл Тау.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, баспана жалдау құны шарықтап тұрған Алматыда биыл соңғы 4 жылда бірінші рет бағаның өсімі байқалмаған. Ал халықтың өзі мұны жоққа шығарады. Тұрғындардың айтуынша, бүгінде жалға берілетін көп пәтердің сапасы бағасына мүлдем сай келмейді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа депутаттық сауал жолдаған Нұргүл Тау сондай-ақ салымшылар мен үлескерлер мәселесіне және тұрғын үй құрылысына қатысты түйткілдерге де тоқталды. Депутат баспананы іші-сырты толық дайын болғанда ғана кілтін табыстауды, пәтер аларда алдын ала шарт жасасуға тыйым салуды ұсынды.