Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды", – делінген хабарламада.
Бүгін Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт болып, 12 адам қайтыс болды.
"Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды. Көршілердің айтуынша алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған. Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себептері анықталуда", – делінген Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59