Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан делегациясына көрсетілген қонақжайлық үшін жапон тарабына алғыс білдірді.
Президенттің айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа кезеңге шығаратын маңызды қадам болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жапонияны Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктес ретінде бағалайтынын атап өтті.
"Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрдайым Азиядағы сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлестіре білген дамыған мемлекет", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Санаэ Такаичидің басшылығымен Жапонияда халықаралық аренадағы ел рөлін күшейтуге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Жапонияны географиялық тұрғыда алыс болғанымен, жақын әрі сенімді дос ел деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-жапон байланыстарының тарихы терең екенін еске салып, бұған дейін Жапонияға төрт рет барғанын, ал бұл сапардың Президент ретіндегі алғашқы ресми сапары екенін жеткізді. Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықтың берік институционалдық негізі қалыптасқанын айтты.
Президент өз сөзінде "Орталық Азия + Жапония" форматының құрылуына тоқталып, бұл бастаманың 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучимен бірлесіп көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтіп, бүгінде бұл формат халықаралық деңгейде кеңінен қолдау тапқан.
"Қазіргі таңда ірі мемлекеттердің көбі “Орталық Азия плюс” платформасын қолдайды. Алайда Жапония осы диалог алаңының алғашқы бастамашысы әрі негізін қалаушы болып қала береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
USD:
515.7 / 518.3
EUR:
604.5 / 608.5
RUB:
6.43 / 6.55