Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихын зерделеу кезінде біржақты көзқарастан бас тарту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің сөзінше, ұлт жадын күмәнді деректер мен бұрмаланған мәліметтер арқылы қалыптастыруға болмайды. Бұл тарихи өткенге деген сенімді әлсіретіп, болашаққа деген үмітке кері әсер етуі мүмкін.
"Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ халқының тарихында қиын кезеңдермен қатар, жарқын жеңістер мен жетістіктер де болғанын атап өтті.
"Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды", – деді президент.
Тоқаев тарихқа өкпе-ренішпен емес, ұлттық мүддені көздейтін шынайы көзқараспен қарау қажеттігін айтты.
"Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ", – деді ол.
Президенттің пікірінше, тарихты біржақты бағалаудан аулақ болып, оны ең алдымен өскелең ұрпақ үшін объективті түрде зерделеу қажет.
"Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.