Тікелей эфир

Тоқаев: Шетелге шығарылған капиталды елге қайтару бойынша заң қабылдауымыз керек

Мемлекет басшысы арнайы комиссияның жұмысын өзі бақылайтынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында дауыс бергеннен кейін тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған капиталдарға қатысты сұраққа жауап берді.

"Жоспарға сәйкес жұмыстар ары қарай да жалғасын табады, мен бұл туралы айттым. Бас прокурор басқаратын арнайы комиссия құрылды, оның жұмысын өзім тікелей бақылаймын. Алдағы уақытта мемлекеттен заңсыз шығарылған капиталдарды елге қайтаруға қатысты заң қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Әрине, ерік-жігер керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнымен қатар, ол биліктегі монополияны жою жұмыстарының ары қарай да жалғасын табатынын атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауында дауыс берді


"Меніңше, 7 жыл уақыт жеткілікті. Өйткені, бұл кез келген адамның өміріндегі ұзақ мерзім. Ең бастысы, біздің мемлекетте билік монополиясы болмайды. Бұған тыйым салынады, бұл аса маңызды. 21 жылда елде үш президент болады", – деді президент. 

Сондай-ақ, мемлекет басшысы әлеммен көпвекторлы саясат жүргізуді жалғастыратынын атап өтті. Айтуынша, дәл қазір Қазақстан үшін ең тиімдісі осы. 

"Қазақстанның геостратегиялық позициясын, экономикамызға 300 млрд доллардан астам қаражат тартылғанын, біздің нарықта ірі трансұлттық, халықаралық компаниялардың жұмыс істейтінін ескерсек, көпвекторлы саясат жүргізуге міндеттіміз. Мен Қазақстанның БҰҰ Жарғысына адал болып, бейбіт сыртқы саясат жүргізуге тиіс екенін бірнеше рет айттым. Алда осы бағытта жұмыс істейміз.Саяси реформаларға келетін болсақ, тоқтамауымыз керек. Әйтпесе, тоқырауға ұшыраймыз. Екінші жағынан, заңға сәйкес, президент сайлауынан кейін үкімет отставкаға кетуге міндетті емес. Бұл парламент сайлауынан кейін өз ретімен жүзеге асады. Парламент сайлауын өткізуге қатысты айтар болсам, жыл соңында осыған қатысты мәлімдеме жасаймын. Үкімет жұмыс істейді, бірақ басқа ведомстводағылардай құрамында өзгеріс болады", – деп қосты президент. 

Серіктестер жаңалықтары