Тікелей эфир

Тоқаев шенеуніктерге: Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет

Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаятынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырысында экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет екеніне тоқталды. 

"Жалпы, өткен жыл  еліміз үшін табысты болды деп айтуға болады. Әрине, шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де бар. Сондықтан, еліміздің сапалы дамуы үшін тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет. Біз  алдағы уақытта  жаңа экономикалық бағдармен жүреміз десек, Үкімет және әкімдер жұмыс істеу тәсілін  түбегейлі өзгертуге тиіс. Ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет", – деді мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ ол үкіметке инвесторлармен серіктестік орнатуды тапсырды. Қағазбастылықтан бас тартудың маңыздылығы туралы айтты.


Оқи отырыңыз: "Біз суды тым орынсыз жұмсаймыз". Президент су үнемдейтін технология енгізуді тапсырды


"Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне  бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін  Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін  немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп  отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет", – деді президент. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары