Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жасады

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Құрылтай сайлауы алдағы жексенбі – 23 тамызда өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жасады.

Президент жолдауында Құрылтай сайлауының ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін айтты. 

"Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп. Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады. Мен партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарладым. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды. Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсеткенін атап өтті. 

"Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан. Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз. Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды", – деді мемлекет басшысы. 

Президент жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына сенім білдірді. 

"Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ. Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет. Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз", – деді мемлекет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау