Тікелей эфир

Тоқаев "Қорғас" сауда орталығында бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынды

Президенттің айтуынша, Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші "Орталық Азия – Қытай" саммитінде ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту туралы сөз қозғады.

Президенттің айтуынша, Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі.

"Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді", – деді мемлекет басшысы.

Осы ретте президент "Қорғас" халықаралық сауда орталығында бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынды.

"Қорғас" халықаралық сауда орталығында бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және "жасыл" технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары