Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Азия чемпиондары атанған Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті құттықтады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
"Мемлекет басшысы боксшы қыздардың жоғары шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері мен отаншылдық рухы жанкүйерлерді тәнті еткенін атап өтті", – делінген хабарламада.
Президент ұлттық құрама спортшыларына алдағы әлем чемпионаттары мен Лос-Анджелес Олимпиадасы ойындарында да жоғары нәтиже көрсетуіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Ұлан-Батыр қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының финалында Надежда Рябец Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Ол шешуші жекпе-жекте өзбекстандық Рухшона Парпиевані жеңді.
Ал аса ауыр салмақта (+80 кг) өнер көрсеткен Дина Исламбекова финалда үндістандық Альфия Тараннум Хан Патанмен кездесіп, бес раунд қорытындысы бойынша басым түсті.