Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік ассамблея кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалог мемлекетаралық байланыстарды нығайту ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Геосаяси текетірес өршіген кезде өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің ауқымы да айтарлықтай өзгерді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға да айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту.
Оқи отырыңыз: Неліктен Қазақстан Талибанмен ынтымақтастық орнатқысы келеді?
"Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз", – деді мемлекет басшысы.
Президент бұл мәселеде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өзара келісілген ұстанымы болуы керек екеніне назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.