Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесуде қаржы нарығын реттеу мен дамытудың биылғы сегіз айдағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысына банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толық жаңартылып, 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданғаны баяндалды. Банктердің активтері 6,9 пайызға өсіп, 75,6 триллион теңгеге жеткен. Капитал жеткіліктілігі 20,7 пайызды құраған. Агенттік сегіз айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізген. Нәтижесінде 190 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 465 миллион теңге айыппұл салынған. Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 субъект лицензиясынан айырылған. Ал алты субъектінің лицензиясы уақытша тоқтатылып, төрт коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылған.
Президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Бизнеске берілген кредит көлемі 3,5 пайызға өсіп, 16 триллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредиттер жыл басынан бері 19,1 пайызға артып, 12,5 триллион теңгені құраған. Реттеу шараларының нәтижесінде жеті айда тұтынушылық несиенің өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған. Биыл шілдеден бастап мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Ал жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмысын бастайды.
Мәдина Әбілқасымова Президентке Капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламаларын, сондай-ақ "Капитал нарығы туралы" және "Сақтандыру нарығы туралы" жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Сонымен қатар қаржы секторын цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселесі қаралды. Агенттік жасанды интеллект технологиясына негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасын әзірлеген. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы дайындалады. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылмақ.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал және сақтандыру нарықтарын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.