Тікелей эфир

Тоқаев Екібастұздағы апат туралы: Азаматтарымыз сабырлық танытып отыр, бірақ оның да шегі бар

Президент тиісті қаражат бөлініп жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Екібастұздағы жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

"Бұл жұмыс бақылауымызда болады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнымен қатар мемлекет басшысы орамішілік және магистральдық желілердің алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде магистральдық және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды. Сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр.


Оқи отырыңыз: Жезқазғанда 37 миллионға жөнделген перзентхананың төбесі бірінші нөсерден соң тесіліп қалды


Жалпы, облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру аса  қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-на техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдық құбыр құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл қаланың төрт шағын ауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз ету параметрлерін айтарлықтай жақсартады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары