Тікелей эфир

Тоқаев: Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт

Президент Қазақстан халқына 5 маусым күні өтетін референдумға байланысты бейнеүндеу жасады.

Қазақстан өте маңызды әрі бетбұрысты кезеңге қадам басқалы тұр. 5 маусым күні азаматтарымыз жалпыұлттық референдумда дауыс береді. Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылдайды, деп мәлімдеді президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусым күні өтетін референдумға байланысты жасаған бейнеүндеуінде.

"Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті, мен наурыз айындағы Жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту", – деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы үкіметтің тиімділігін арттыру туралы да атап өтті.

"Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз. Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді. Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша, мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы Екінші Республиканың негізін қалаймыз", – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырды.

"Бұл референдумда әр азаматтың дауысы – маңызды. Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алады. Ендеше, 5 маусым күні өз таңдауымызды жасайық! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге құрайық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Оқи отырыңыз: Референдумға 11 млн 722 мың адам қатысады


Айта кетейік, 5 маусымда Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өтеді. 

Ата Заңның шамамен үштен біріне өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Олардың негізгілері: 

  • Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты парламентке ие президенттік формаға көшеді;
  • президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынады;
  • жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады;
  • қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
  • Қазақстанда өлім жазасы болмайды;
  • мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады;
  • сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
  • мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.
Серіктестер жаңалықтары