Тікелей эфир

Тоқаев: Біз ресейлік бизнесті халал өнімдерді экспорттау бағытында тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында "Халал" стандартына сай өнім шығаруға баса мән берілетінін айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі болып саналады.

"Бүгінде оның құрамына жалпы халқы шамамен бір жарым миллиард адамды құрайтын 37 мемлекет кіреді. Біздің елдеріміз осы үлкен нарықта сертификатталған халал өнімдерінің экспортын бірлесіп ілгерілете алар еді. Біз ресейлік бизнесті осы бағытта тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дүние жүзінде аштық пен азық-түлік тапшылығы бар адамдардың саны 830 миллионға жетті. Осының аясында БҰҰ 2050 жылға қарай әлем халқы тағы 2 миллиард адамға өседі деп болжайды.

"Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-ші орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Тоқаев пен Путин Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастығы форумын ашты


 

Серіктестер жаңалықтары