Тікелей эфир

Тоқаев: Білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет екенін айтты.

"Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі, Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұның өзі жеткіліксіз екенін, сол себепті білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет екенін айтты.

"Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда, мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ, негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: 


Президент мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайтынын айта кетті. Оның айтуынша, мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді.

"Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет. Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары