Тоқаев Бас прокуратурада жиын өткізді: деструктивті контентке жол берілмейді

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы отаншылдық пен жауапкершілік туралы айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада жиын өткізіп, ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлер мен заң үстемдігін сақтау мәселелеріне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, технологияның қарқынды дамуы ақпараттық кеңістікті түбегейлі өзгертті, ал кейбір адамдар қоғамды жікке бөліп, өшпенділік тудыратын контент таратуға бейім.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні заңға қайшы ақпарат тарату құралына айналдыруға жол беруге болмайтынын айтты. Мұндай әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға беріліп, жауапкершілік қарастырылуы тиіс екенін ескертті.

Сонымен қатар президент тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол беруге болмайтынын баса айтты. Ол отаншылдық ұғымына да арнайы тоқталып, оның әсіреұлтшылдыққа қатысы жоқ екенін жеткізді.

"Отаншылдық — бұл жай ұран емес, жауапкершілік пен жасампаздыққа негізделген қасиетті сезім. Отанды сүю — саяси ұпай жинау немесе мансап құралы емес, елге нақты пайда әкелу", – деді мемлекет басшысы.

Жиында Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев және Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады.

Серіктестер жаңалықтары