Тікелей эфир

Тоқаев Ахмет Жұбанов атындағы қазақ музыкалық мектеп-интернатын мерейтойымен құттықтады

Мектеп-интернаттан 60 жыл ішінде мыңға жуық музыкант түлеп ұшқан.

Биыл Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатының ашылғанына 60 жыл толды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

"Халқымыздың біртуар перзенті Ахмет Жұбановтың бастамасымен ашылған білім ордасы бүгінде дарынды балаларды тәрбиелеудің өзіндік дәстүрін қалыптастырған іргелі оқу орнына айналды. Сіздерге қазақтың музыка өнерін дамыту жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да дарынды әрі саналы ұрпақ өсіріп, ел игілігіне аянбай қызмет ете бересіздер деп сенемін", – делінген мемлекет басшысының құттықтауында. 

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі байқауларда топ жарып, халқымыздың мерейін асырған мектеп шәкірттерін бүкіл еліміз мақтан тұтатынын атап өтті.

Аида Балаеваның ұстаздарды марапаттау рәсімі. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мерейтойға орай ерекше концерт ұйымдастырылды. Оның аясында мектептің бірқатар ұстаздарына мемлекеттік марапаттар табысталды.

Мектеп-интернаттан 60 жыл ішінде мыңға жуық музыкант түлеп ұшқан. Оқу орнында білім алған 800-ден астам өнерпаз халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты атанған. Қазіргі таңда мектепте 500-ге жуық дарынды бала білім алуда.

Мерейтойлық концерт. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Оқу орны "Теория және композиция", "Скрипка және альт", "Виолончель және контрабас",  "Арнайы фортепиано", "Үрмелі және ұрмалы аспаптар", "Халық аспаптары", "Міндетті фортепиано", "Хор дирижерлығы" және "Концертмейстерлік шеберлік" секілді 10 бағыт бойынша кәсіби музыканттарды дайындайды.


Оқи отырыңыз: Жүсіпбек Қорғасбек, Маралтай Райымбекұлы. "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығы тағы кімдерге бұйырды


 

Серіктестер жаңалықтары