Тоқаев АҚШ өкілдерімен стратегиялық серіктестік жайын талқылады

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Тоқаев Дональд Трампқа алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесуде Вашингтонда өтетін С5+1 саммиті қарсаңында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.

Президент Тоқаев Дональд Трамптың С5+1 саммитіне арнайы шақырғаны үшін алғыс білдіріп, АҚШ басшысының бейбітшілікті нығайту мен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі рөлін жоғары бағалады.

Серджио Гор Қасым-Жомарт Тоқаевқа Америка президентінің сәлемін жеткізді және АҚШ сыртқы саясатындағы Орталық Азия өңірінің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы Вашингтондағы кездесу екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.

Әңгіме барысында энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді серіктестіктің әлеуеті талқыланып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды.

Серіктестер жаңалықтары