Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарын Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан бастады. Президентке қаланы 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытуға арналған жобалар мен инвестициялық бастамалар таныстырылды, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың мәліметінше, қазір Алатау қаласының аумағы 88 мың гектарды құрайды. Қала 2050 жылға дейін дамытылатын төрт арнайы ауданға бөлінген. Сонымен қатар негізгі экономикалық бағыттар мен табыс көздері айқындалып, магистралды инфрақұрылымды дамытуға арналған жол картасы әзірленген.
Президентке басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған конституциялық заңның қабылданғаны және Gate City тұрғын үй ауданының қарқынды дамып жатқаны туралы баяндалды. Аталған аумақта "Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асырылып, бірқатар өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ қалада жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылғаны айтылды.
Олардың қатарында PepsiCo компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауытының құрылысы бар. Ал Mars Petcare өңірдегі үй жануарларына арналған азық өндіретін алғашқы заманауи кәсіпорындардың бірін іске асыруда. Бұдан бөлек, KHAN TENGRI BIOPHARMA дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар өндірісін дамытса, Исткомтранс және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құру жобаларын жүзеге асырып жатыр.
Оқи отырыңыз: Бүкіл әлем жұрты Қазақстанды барлық салада тек алға қарай қадам басып келе жатқан ел ретінде таниды – Тоқаев
Сапар барысында мемлекет басшысына Алатауда салынатын көпфункционалды жоғары технологиялық Iconic Complex кешенінің жобасы да таныстырылды. Жоба қаланың негізгі орталықтарының бірі саналатын Gate District ауданында бой көтермек.
Ақорда мәліметінше, аталған бастамалар Алатауды жаңа экономикалық, өндірістік және логистикалық орталық ретінде дамытуға бағытталған.