Тікелей эфир

Тоқаев 2026 жылы тағы да президент сайлауына түсе ме?

Президенттің сөзінше, президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде тараған қауесеттерге қатысты өз ойын жеткізді. Еске салайық, Әлеуметтік желіде бұған дейін "Президент Конституцияға қатысты референдум өткізеді" деген ақпарат тараған болатын. 

"Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ. Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын


Мемлекет басшысының айтуынша, бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.

"Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым. Суперпрезидентке тән өкілет­тік­терді жою үшін 2022 жылы Консти­туцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам", – деді мемлекет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары