Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Қос ішекті қастерлі аспап – ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі, халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра. Домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтарымыз жұрт жадында жаңғырып, төрге озады. Осылайша, дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталып келеді. Шын мәнінде, ұлттың үні саналатын қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді, алға нық қадам жасауды көздеген рухани бағыт-бағдарымызбен үндеседі. Жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргідей алмағайып заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе, қара Домбырамыз төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.
"1 шілдеде, яғни Домбыра күні қарсаңында мемлекеттілік жылнамасының жаңа парағын ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні айрықша. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау алғаш рет шын мәнінде Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалды. Бұл өсіп-өркендеуге бет алған халқымыздың бітім-болмысына, мақсат-мүддесіне толық сай келетіні сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Астанада домбыра күнінде қандай мерекелік шаралар болады
Енді ұшақта домбыра мен қобызды қол жүгi ретінде алып жүруге болады