Тікелей эфир

Тоқаев: Біз құқықтық вандализмнің кез-келген түріне қатаң шара қолданамыз

Президент жаппай тәртіпсіздіктің ішкі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа орасан зор зиянын тигізгенін айтты.

Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сөйлеген сөзіне тоқталды:

"Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сөйлеген сөзімде заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екенін айттым. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, барлық өркениетті мемлекетке тән. Бұл азаматтардың бостандығы мен адам құқығын шектеу деген сөз емес. Керісінше, Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті".

Президент Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келгенін айтты. Жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнгеніне тоқталып,қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

"Естеріңізде болса, 2020 жылдың мамыр айында менің ұсынысыммен азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды. Бұл заң, шын мәнінде, елімізде демократияны ілгерілету бағытында жасалған маңызды қадам. Өйткені құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір "құқық қорғаушылар" мен "белсенділер" өздерін заңнан жоғары қояды. Осындай шолақ белсенділердің жауапсыз әрекеттерінің кесірінен полиция қызметкерлері өздерінің негізгі құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды. Оларға көбінесе зорлық-зомбылық көрсетіп, тіл тигізеді", – деді президент.

Оның сөзінше, осындай "белсенділердің" кесірінен интернет бұғатталады. Нәтижесінде миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегеді.

"Яғни, ішкі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа орасан зор зиянын тигізеді. Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін "еркін" бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ "сырттағы қайраткерлер" ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады. Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез-келген түріне қатаң шара қолданамыз" – деді Мемлекет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары