Тікелей эфир

Тойдың онсыз да жасырын өтіп жатқанын айтқан түркістандық кәсіпкерлер тойханалардың ашылуын талап етті

Кәсіпкерлердің талабынша, 150 адамға той жасауға рұқсат берілуі керек.

Түркістан облысы әкімдігінің алдына жиналған тойхана иелері өңір басшылығына "150 адамға той жасауға арнайы рұқсат берілсін" деген талап қойды. Олардың сөзінше, облыстың кей аудандарында аптасына бес күн бойы той жасайтын тойханалар бар. Олардың қызметін мобильдік топтар да тоқтата алмай отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Кәсіпкерлербылтырдан бері кәсіптерінің тұралағанын айтып, аспаздар мен ыдыс жуушылар, тойхананың өзге де қызметкерлері қазір жұмыссыз, нәпақасыз қалғанын алға тартты.

Келес ауданының тұрғыны Ұлбосын Рүстемова: "Дәмхана, түнгі клубтартың бәрі ашық. Олар таң атқанша жұмыс істеп жатыр. Тек тойхана қызметіне рұқсат жоқ. Алайда "көкесі" барлардың тойханасы ештеңеге қарамастан қонақ қабылдайды", – десе, Түлкібас ауданы тұрғыны, тойхана иесі Несіпкүл Медеуова тойханадан мемлекет ешқандай зиян шекпейді деген пікірде:

"Біз тойхана жабылғанға дейін қанша адамға жұмыс тауып беріп отырдық".

Алайда Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов қазіргі эпидемологиялық жағдайда той өткізуге рұқсат берілмейтінін айтты.

"Той-томалақта адам көп жиналады. Мұндай жерде ауру ауа арқылы жылдам таралады. Өйткені, ғимарат ішінде ауа алмаспайды. Ал құдайы тамақ кезінде адамдар тамақ ішіп, тез шығып кетеді. Сондықтан аурудың таралу ықтималдығы төмен", – деді өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Ол, сондай-ақ, облыста жасырын тоймен күрес жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз:

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары