Ақтөбеде ерлі-зайыпты зейнеткерлер 27 жылдан бері із-түзсіз жоғалған тұңғыш ұлдарын іздеп келеді. Руслан Сабыров 1999 жылы үйден қант алуға шығып, сол күйі оралмаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ата-анасының айтуынша, Руслан Сабыров 1999 жылғы 22 наурызда дүкенге қант алуға шығып кеткен. Сол кезде оның жасы 29-да болған. Осыдан кейін ол үйіне қайтып оралмаған. Отбасы бірден полицияға жүгінгенімен, арада 27 жыл өтсе де, азаматтың қайда екені анықталмаған. Анасы Алмаш Сабырова ұлының тірі екеніне әлі күнге дейін сенетінін айтады.
Руслан Сабыров заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Отбасын құрған. Әкесі оның адамдармен тез тіл табысатын, өзгеге көмектесуге дайын азамат болғанын айтады.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1969 жылы туған Руслан Шәмшадинұлы Сабыровқа қатысты іздестіру ісі әлі жабылған жоқ.
Ведомство қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтау бойынша іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Русланның ата-анасы көп жылдан бері ұлдарының аман екеніне сеніп, оны іздеуді тоқтатпаған. Олар ұлын көрген немесе оның тағдыры туралы қандай да бір мәлімет білетін азаматтарды полицияға немесе өздеріне хабарласуға шақырады.