Терроризмге қарсы операция: Түркияда мереке қарсаңында теракт жоспарлаған 115 күдікті ұсталды

Фото: ТАСС / AP / Emrah Gurel
Фото: ТАСС / AP / Emrah Gurel
"Ислам мемлекетіне" қатысы бар 137 адамға ордер берілді.

Түркияның Ыстамбұл қаласында терроризмге қарсы ауқымды арнайы операция өтіп, 137 адамды қамауға алу туралы сот санкциясы берілді. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Арнайы шара барысында құқық қорғау органдары 124 мекенжайды тексеріп, 115 күдіктіні ұстады. Тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрілер және түрлі құжаттар тәркіленген.

Ыстамбұл қаласының Бас прокуратурасы мәліметінше, күдіктілер Рождество және Жаңа жыл мерекелері қарсаңында теракт ұйымдастыруды жоспарлаған. Сонымен қатар олар Сириядағы қақтығыс аймақтарында әрекет етіп жүрген "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобының мүшелеріне қаржылай қолдау көрсеткен деген күдікке ілінген. Ұсталғандардың бір бөлігі бұған дейін терроризмге қатысты ұлттық және халықаралық іздеуде болған.

Бұдан бөлек, Анкара қаласының Бас прокуратурасы "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобының қаржылық желісін тергеу аясында тағы 10 күдіктіні ұстауға ордер берді. Тергеу мәліметінше, олар терроризмді қаржыландырумен айналысқан.

Қазіргі уақытта қашып жүрген күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

lw-3094948329-1

Серіктестер жаңалықтары