Ақтөбеде туристік компанияның әрекетіне наразы болған ондаған тұрғын шу шығарды. Олар өзін "теңіз жағасында ұмытылмас демалыс ұйымдастырамыз" деп таныстырған турфирмаға сеніп, миллиондаған теңгеден айырылғанын айтып, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жәбірленушілердің бірі Болатбек Орналиев отбасымен Таиландта демалу үшін екі миллион теңгеге жуық қаржысын компанияға берген. Алайда уәде етілген сапар жүзеге аспай, туристер демалыстың орнына прокуратура мен полицияның табалдырығын тоздырып жүр.
Жәбірленушілердің айтуынша, компания өкілдері адамдарды әуежайда, жанармай құю бекеттерінде және теміржол вокзалдарында тауып, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, тіпті Еуропаға арзан жолдамалар ұсынып, сенімге кірген. Арнайы журналдар мен жарнамалық материалдар көрсетіп, "ұмытылмас демалыс" уәде еткен.
Қазір ел бойынша алданғандардың саны жүзге жуықтайды, оның жартысынан көбі – Ақтөбе тұрғындары. Зардап шеккендер бір-бірінің арасында 30 миллион теңгеден астам қаржы кеткенін, ал жалпы шығын 100–200 миллион теңгеге жетуі мүмкін екенін айтады. Көпшілігі бұл үшін несие алып, қарызға батқан.
Аталған іс бойынша Алматы қалалық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Полицияның мәліметінше, қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі – "бірнеше рет жасалған алаяқтық" бойынша қозғалған. Тергеу аяқталған соң тиісті процессуалдық шешім қабылданбақ.
Ал жәбірленушілер туристік компанияның қызметін толық тоқтатуды, кінәлілердің заң алдында жауап беріп, ақшаларын қайтаруын талап етіп отыр. Егер тергеу ұзаққа созылса, олар Ішкі істер министрлігіне шағымданбақ.
USD:
460.1 / 462.7
EUR:
541.5 / 546.5
RUB:
5.95 / 6.07