Өскемен қаласында аяқ-киім дүкенінің ашылуы күтпеген дүрбелеңге ұласты. Кәсіпкердің тегін тауар мен тағам тарататыны туралы хабарынан кейін жүздеген адам жиналып, адам кептелісі орын алған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Куәгерлердің айтуынша, иін тірескен жұрт бір-бірін таптап кете жаздаған. Дүкеннің ашылу салтанаты айғай-шуға ұласып, тұрғындар палау мен тәтті мақтаға, сондай-ақ тегін үлестірілген 100 дана аяқ-киімге таласқан.
Кейін белгілі болғандай, кәсіпкер бұл шараны жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз ұйымдастырған. Соның салдарынан келушілердің қауіпсіздігіне қатер төнген.
Оқиғаға байланысты тиісті шаралар қабылданып, кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл көлемі шамамен 80 мың теңгені құрады.