"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған шараға 7 мыңнан астам қала тұрғыны мен мыңнан астам мекеме қатысты. Акция барысында облыс әкімі Болат Ақшолақов та тал егіп, атыраулықтарды ортақ үйімізді күтіп ұстауға шақырды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, "Таза Қазақстан" – жай ғана науқан емес. Бұл – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды күнделікті дағдыға айналдыруға бағытталған жалпыұлттық бастама. Біздің мақсатымыз – айналаны тазарту ғана емес, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру", – деді облыс әкімі.

Тазалық жұмыстары Атырау қаласының Көктем, Қайыршақты, Еркінқала және Жұмыскер елді мекендеріндегі Жайық өзенінің жағалауларында жүргізілді. Сондай-ақ облыстың барлық ауданында тазалық шаралары ұйымдастырылды.
Экологиялық акция барысында өңірді көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, "Самал" шағынауданындағы Д.Нысанғалиұлы көшесінде 300 атыраулықтың қатысуымен және алты ауылдық округте 600-ге тарта ағаш отырғызылды.

"Таза Қазақстан" бастамасы аясында өткен шара табиғатты қорғау мен елді мекендерді абаттандыруға жұртшылықты жұмылдырып, тазалықтың бір күндік науқан емес, күнделікті мәдениет пен ортақ жауапкершілік екенін тағы бір мәрте көрсетті.