Тікелей эфир

Таулы және тау етегіндегі ауданда үй салу үшін ТЖМ келісімін алу міндеттеледі

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрінің тиісті бұйрығының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында.

Қазақстанда таулы және тау етегіндегі аудандарда және сейсмикалық аймақтарда құрылыс жүргізу үшін Төтенше жағдай министрлігінің келісімін алуды міндеттейтін норма енгізіледі. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

Үкімет басшысының айтуынша, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жер учаскесін беру схемасын келісу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың үлгілік тізбесін бекіту өкілеттігі берілген.

"Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрінің "Жер учаскесін бөліп беру схемасын келісу бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың үлгілік тізбесін бекіту туралы" бұйрығының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Бұл тізбеде таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда жер учаскелерін беру кезінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарымен міндетті түрде келісу көзделген", – деп жазылған хатта.

Айта кетейік, ТЖМ бөлімдері 2014 жылдан бері жер бөлу, құрылыс жобаларын қарау, нысандарды эксплуатацияға қабылдау жұмыстары бойынша шешім қабылдау құқығынан айырылған. 


Оқи отырыңыз: "Медеу" табиғи паркіндегі жер учаскелері заңсыз үлестірілген


Еске салайық, Сенат депутаттары бас прокурор Берік Асылов пен премьер-министр Әлихан Смайыловқа Алматы қаласының тау бөктеріндегі аудандарын заңсыз салу мәселесі туралы депутаттық сауал жолдаған еді. 

Бас прокурордың жауабына сүйенсек, Алматы қаласы əкімдігінің жұмысындағы кемшіліктердің бірі – қала құрылысын жоспарлаудың тиімсіз жүйесі. Атап айтқанда, қаланың бас жоспары 2004 жылы қабылданған жəне бүгінгі күнге шындыққа сəйкес келмейді. Яғни, қазіргі демографияны, халықты жылумен жабдықтауды, экологиялық талаптарды жəне тағы басқа көрсеткіштерді ескермеген. Сонымен қатар оларда сейсмологиялық қауіп-қатерлер, тамақ қабылдау пункттері, жер сілкінісі кезінде қауіпсіз орындар, тауларға жақын жанармай құю бекеттері жəне тағы басқалары көзделмеген.

Серіктестер жаңалықтары