Кейде "Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды. Еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады" деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұл сұхбат Тәуелсіздік алуымызға түрткі болған Желтоқсан көтерілісінің ресми құрбаны, 35 жылдан кейін ақталған Сәбирә Мұхамеджанова туралы болмақ. Оның есімі ел деңгейде лайықты түрде дәріптелмей келе жатыр.
Сәбирә туралы алғашқы ғылыми еңбек
2021 жылы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толғанда Сәбирә Мұхамеджанова ресми түрде ақталды. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының тумасы, тарих пәні мұғалімі, өлкетанушы, шебер-педагог Қуаныш Қабидолдин Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде "1986 жылы Өскемен қаласындағы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Сәбирә Мұхамеджанова өмірінің ақтаңдақтары" тақырыбында магистрлік диссертация қорғады. Бұл – Сәбирә туралы жазылған алғашқы ғылыми еңбек.
Алматыда болған Желтоқсан көтерілісі кезінде басқа қалалардағы рухты жастар да алаңға шықты.
"Сол қалалардың бірі – Өскемен. Қаладағы Ленин атындағы алаңға шыққан студент жастар тергеуге алынып, жазықсыз жазалана бастаған кезде Сәбирә Мұхамеджанова "Бәріне кінәлі – мен. Алаңға мен үгіттеп апардым. Оларды оқудан шығармаңдар. Шеруді де мен ұйымдастырдым" деп, бар «кінәні» өз мойнына алған. Тоқтаусыз тексерулер, орынсыз қорлау, жала жабу мен тергеуден жаны жараланған ол жатақхананың 5-қабатынан секіріп, мерт болды. Сол кезде ол педагогикалық училищенің небары екінші курс студенті еді...", – деді Қуаныш Қабидолдин.
Ол Сәбирә Мұхамеджанованы елге алғаш танытқан жазушы Асқар Алтай (Асқар Алпысбаев) екенін айтты.
"Жазушы 1990 жылдардың басында Алматыдан Жазушылар Одағының тапсырмасы бойынша Өскеменге және Сәбирәның туған ауылы –Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылына барып, журналистік зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде «Он алты жаста еді» деген тақырыпта көлемді мақала жазған. Кейін осы мақала бірнеше газет, журнал мен кітаптарда жарық көрді. Ал қазір барлық жерде жарияланып жүрген Сәбирәның портреттік фотосуретін жазушы сол кезде Сәбирәның анасынан сұрап алған екен", – деді тарихшы.
Оқи отырыңыз: Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанова жерленген қорымды су шайып жатыр
Сәбирә туралы тың деректер
Қуаныш Қабидолдин магистрлік диссертация жазу барысында Өскемендегі облыстық мұрағаттағы құжаттарды ақтара отырып, Сәбирәның мектепті тек беске оқығаны туралы құжатты тапқан.
"Ол құжат – Өскемен педагогикалық училищесіне әр өңірден 8 сыныпты бітіріп келген озат оқушыларды емтихансыз қабылдау туралы №50/а бұйрық. Бұйрықтағы оқушылар тізімінде Сәбирәның аты-жөні 7-ші болып тұр. Сәбирәның 8 сыныпты үздік бітіргені, сабақты тек беске оқығаны, зейінді, зерек, талапты оқушы болғаны туралы деректерді жоғарыда атап өткен бұйрық нақты дәйектеп тұр", – деді Қуаныш Тілеуханұлы.
Мұрағаттағы тағы бір құжат, ол – Сәбирәның қазасынан кейін педагогикалық училищедегі комсомол комитеті отырысының 1987 жылы 5 қаңтарда жазылған № 23 хаттамасы. Хаттамада алаңға шығып, соның нәтижесінде оқудан шығаруға ұйғарылған студенттердің кейбіріне ескерту, кейбіріне сөгіс беріліп, ал кейбірінің оқуда қалдырылғаны жазылған. Осыған себеп – Сәбирәні өлімі еді.
"Сәбирә қатарластарына ғұмыр сыйлап, өзі ажал құшты. Ол оқыған бұрынғы педагогикалық училищеде, қазіргі Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледж мұражайында оның қайтыс болуына байланысты оқудан шығарылғаны туралы құжат – бұйрық бар. 1986 жылы 29 желтоқсанда училище директоры Н.Барановтың шығарған №141/а бұйрығында "2-ШО-3 тобының оқушысы С.Мұхамеджанова қайтыс болғанына байланысты оқудан шығарылды" деп жазылған. Бұл ресми құжаттар "Сәбирәның өлімінің Желтоқсан көтерілісіне еш қатысы жоқ" немесе "Сәбирәның тәртібі нашар болған" деген түрлі теріс көзқарастарды жоққа шығаратын айғақтар", – деді тарихшы.
Сәбирә Мұхамеджанова елге танымал тұлғалар тізілімінде жоқ
Қуаныш Қабидолдин Сәбирә Мұхамеджанова туралы магистрлік диссертацияны қорғап, педагогика ғылымдарының тарих бағытындағы магистрі атанды.
"Сәбирә өзінің туған жерінде барынша құрметтелгенімен, республика деңгейінде дәріптеліп жатқан жоқ. Ресми түрде Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған тұлғаны республика деңгейінде дәріптеу – азаматтық парызымыз. Мысалы, 2011 жылы 1 желтоқсанда Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығына арналған "Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан" атты халықаралық жыр мүшәйрасында жүлделі орындардан бөлек Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова, Е.Сыпатаев атындағы арнаулы жүлделер тағайындалды. Ал Сәбирә Мұхамеджанова атында мұндай жүлде жоқ. Бұл қаншалықты әділетті? Қайрат Рысқұлбековке "Халық қаһарманы" атағы берілген. Тараз қаласында Қайрат Рысқұлбековке қойылған ескерткіш пен оның атымен аталатын саябақ бар. Семей қаласында Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп бар. Ләззәт Асанова мен Ербол Сыпатаевқа Жаркент қаласының орталығында еңселі ескерткіш қойылған. Алматы энергетика және байланыс университетінде Ербол Сыпатаев атындағы оқу залы ашылған. Алматы облысындағы бір көше Ербол Сыпатаев атымен аталады. Осы аймақтағы "Еңбекші" орта мектебіне Ербол Сыпатаевтың есімі берілген. Ал Сәбирә Мұхамеджановаға арналған мұндай істер елдік деңгейде жоқ. Шығыс Қазақстан облыстық "JELTOQSAN-86" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Маратбек Рамазанов осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық Тіл басқармасына Сәбирәның ауылындағы мектепке оның есімін беру жөнінде хат жазылған. Олар бұл ұсыныстың республикалық ономастикалық комиссияның мақұлдауынан өтпегенін айтқан, себебі Сәбирә Мұхамеджанова елге танымал тұлғалар тізілімінде жоқ. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда", – деді Қуаныш Қабидолдин.
Оқи отырыңыз: Алматыда желтоқсан оқиғасына қатысушыларға бір реттік төлемді 250 мың теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды
Тарихшы диссертация жазу барысында Желтоқсан тақырыбын зерттеген көптеген ғалымдар мен жазушылардың еңбектері өз көмегін тигізгенін айтты.
"16-ақ жыл өмір сүрген Сәбирә туралы магистрлік диссертация талабы бойынша 80 бет жазу бастапқыда қорқыныш туғызды. Содан бірінші Алла, екінші Сәбирә әпкеміздің аруағы қолдасын деп өз-өзімді қамшылап, алға ұмтылдым. Ойлағанымдай барлығы жақсы болды. Желтоқсан тақырыбын зерттеген көптеген ғалымдар мен жазушылардың еңбектері маған өз көмегін тигізді. Кеңес үкіметі кезінде одақтас республикалардың социалистік жүйеге қарсы түрлі деңгейде көптеген бас көтерулері мен толқулары болған. Соның ішінде Қазақстанда болған Желтоқсан көтерілісі бұл жоғарыда атаған бас көтерулердің ішінде ұжымдық елдің көп аумағын қамтыған қоғамға тектоникалық өзгеріс әкелген ірі көтеріліс болды. Яғни Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы жоғары. 1986 жылы болған жастар көтерілісі 1960-1970 жылдары "Жас тұлпар" ұйымы, "Дос-мұқасан" ансамбльі , "Ана – Жер-Ана" спектаклі , "Көшпенділер" эпопеясынан және тағы да басқа осындай ұлттық өнімдерден нәр алып, пісіп жетілген ұрпақтың ұлттық үні болды. Сол кездегі жас қыз-жігіттердің бәйгеге бас тігіп, ел үшін алаңға шыққан қайсар, қайрат мінездері мені қайран қалдырып, өзіме ерекше әсер етіп, үлкен рух берді", – деді ол.
Тарихшы Желтоқсан тақырыбы әлі өз тарихи бағасын алмаған, әділетсіз күй кешкен тақырып екенін айтты.
"Бұлай болудың түрлі себебі бар. Алдағы уақытта Желтоқсан көтерілісі өткен әр өңірде өзінің жеке том-том кітабы болуы керек. Желтоқсан көтерілісі – сан ғасырлар бойғы еркіндік пен азаттыққа ұмтылған қазақ халқының бостандық жолындағы соңғы күресі. Жас ұрпақ бұл тақырыптан тарихи тағылым мен патриоттық тәрбие алу керек. Жалпы, өзімді үлкен еңбек жасадым деп айта алмаймын. Мен тек Сәбирә Мұхамеджановаға қатысты деректерді жинап, бір жүйеге келтірдім. Алдағы уақытта мұрағаттан Сәбирә Мұхамеджанованы тергеу хаттамасын тауып, осы еңбекті кеңейтіп, монография жазамын", – деді Қуаныш Тілеуханұлы.