Тікелей эфир

Таратылатын банктердегі 230 мыңдай депозит иесі кепілді өтемді қайдан алады?

ҚДКБҚ жабылған банктердегі депозиттер үшін кепілді төлем алу тәртібін түсіндірді.

Салымшылардың таратылатын сегіз банктегі талап етпеген өтем сомалары олардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шоттарына ойдағыдай аударылды. 2022 жылдың 2 мамырында "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, Delta Bank АҚ, "Қазақстан Эксимбанкі" АҚ, Qazaq Banki АҚ, "Астана Банкі" АҚ, Tengri Bank АҚ және AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі аяқталды, деп хабарлайды ҚДКБҚ баспасөз қызметі. 

"Төлем мерзімі аяқталған соң, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры талап етілмеген өтем сомаларын заңнамаға сәйкес күнтізбелік 30 күн ішінде зейнетақы шоттарына аударды. Бұл ретте дербес деректері БЖЗҚ базасындағы деректерге сәйкес келетін салымшылардың талап етпеген өтем сомалары БЖЗҚ-ға аударылғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, салымшының жеке басын растайтын қолданыстағы құжаты, сондай-ақ, міндетті және міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары болуы қажет", – делінген хабарламада. 

2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша таратылу үдерісіндегі банктердің 229 715 салымшысының талап етпеген өтем сомалары олардың жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылды. Таратылатын банктердің салымшылары зейнетақы шоттарына келіп түскен ақшаны БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы жеке кабинеті, оның мобильді қосымшасы, салымшыларға қызмет көрсету кеңселері немесе "электрондық үкімет" порталы арқылы біле алады.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы қорындағы теңгелік инвестициялар үлесі 70 пайызға жуық төмендеді


"Еске саламыз, төлем мерзімі аяқталып, талап етілмеген сомалар БЖЗҚ-ға аударылған күннің өзінде заңнамада салымшылар үшін қорға дәлелді себептерді растайтын құжатты және жазбаша өтінішті ұсына отырып, өтем алу құқығы қарастырылған. Мұндай өтінішке төлем мерзімі кезінде кепілді өтемді төлеуге өтініш беруге кедергі келтірген мынадай мән-жайлардың бірін растайтын құжат қоса беріледі: әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы. Олардан басқа салымшының мұрасын қабылдау және мұраны алу мен ашуға қатысты басқа да себептер, сондай-ақ сот анықтаған өзге де мән-жайларды айтуға болады. ҚДКБҚ дәлелді себептер бойынша өтінішті банк түпкілікті таратылғанға дейін немесе кепілді өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, депозитордың ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін қабылдайды", – деді ҚДКБҚ баспасөз қызметіндегілер. 

Таратылатын банктердің салымшыларына ҚДКБҚ мамандарының ақыл-кеңестері байланыс орталығының 1460 нөмірі және kdif.kz сайтының чат-боты арқылы қолжетімді.

Серіктестер жаңалықтары