Көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор Бақир Баяхунов қайтыс болды.
Қаралы хабарлы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратты.
"Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор Бақир Яхияұлы Баяхуновтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады. Бақир Яхияұлы бар ғұмырын музыка өнеріне арнап, отандық композиторлық мектептің дамуына елеулі үлес қосты. Қазақтың музыкалық мұрасын, Шығыс халықтарының әуен-сазын еуропалық академиялық музыка дәстүрімен шебер ұштастырған туындылары еліміздің рухани қазынасын байытты. Ұлағатты ұстаз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қырық жылдан астам еңбек етіп, бірнеше буын кәсіби музыкант тәрбиеледі. Ол шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, өнердің қадір-қасиетін ұғындырып, шығармашылық жолда бағыт-бағдар көрсетті", – делінген қаралы хабарда.
Бақир Баяхунов Қазақстан Композиторлар одағы төрағасының орынбасары болып қызмет етіп, қазақ халық музыкасын өңдеуде елеулі еңбек етті. Ол өңдеген танымал туындылар қатарында "Күй" симфониясы, "Қамбат батыр", "Ысқырма" және басқалар бар. Сонымен қатар ол бірнеше кинофильмнің музыкасын жазған. Бақир Баяхунов қазақ домбыра музыкасының полифониясы туралы мақалалар, дүнген халық әндері туралы зерттеулер жазды.