Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бағдарламасының өкілі Майкл Муратаның мәлімдеуінше, әлемде тамақ қалдықтарынан бөлінетін парник газдары бүкіл авиация саласынан бөлінетін газдардан бес есе көп. Бұл туралы БҰҰ ресми сайтында жазылған.
Бұған себеп – ысырап, яғни, тамақты тым артық дайындау. Ақырында қоқысқа тасталған тамақ қалдықтары қоқыс полигонында шіріп, одан өте көп мөлшерде метан бөлінеді. Ал метан – атмосфераның жылынуына ықпал ететін негізгі парник газдарының бірі.
БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі бөлімінің директоры Мартин Краузенің айтуынша, ысырап болған әрбір тағам порциясын сақтап қалу, басқа адамға беру немесе қоқысқа тастамау – азық-түлікті тиімді пайдаланудың бір жолы. Сонымен қатар бұл метан шығарындыларының алдын алуға мүмкіндік береді.
"Тағам қалдықтарымен күрес климат мәселесін шешудің ең қолжетімді әрі экономикалық тұрғыдан тиімді жолдарының біріне айналуы мүмкін", – дейді ол.
Осы мақсатта БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы Food Waste Breakthrough бастамасын қолға алып отыр. Оның мақсаты – 2030 жылға қарай тағам қалдықтарының көлемін екі есе қысқартып, метан шығарындыларын 7 пайызға азайту. Өкінішке қарай, бұл бастаманы бірнеше мемлекет қана қолдаған.
Мысалы, Бразилияда азық-түліктің қоқысқа түсуін азайтуға бағытталған екі ұлттық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Ал Рио-де-Жанейрода ЮНЕП жергілікті билікпен, мектептермен және супермаркеттерді қоса алғанда, тамақтану саласындағы кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Ал Кенияда ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық кезеңдерінде пайдаланылмай қалған азық-түлік жиналып, әлеуметтік жағдайы төмен аудандардағы мектепке дейінгі білім беру орталықтарына жіберіледі.
"Тағам қалдықтары оттегі жетіспейтін жағдайда ғана метанның көп мөлшерін бөледі. Сондықтан органикалық қалдықтарды бөлек жинап, ауа жеткілікті жағдайда компост жасау климатқа түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Компосттау кезінде органикалық өнімдер ыдырап, көмірқышқыл газы бөлінеді. Қысқа мерзімді перспективада оның климатқа әсері метанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен", – дейді мамандар.