Талғар маңында биылғы қазанда қаза тапқан Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды, деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті.
"Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Қайтыс болған адам Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды", – делінген хабарламада.
Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Тергеудің қазіргі сатысында қылмыстық сипаттағы белгілер анықталған жоқ", – деп атап өтті полиция.
Сондай-ақ, хабарламада Шерзат Полаттың отбасы үнемі полицияның күзетінде екені айтылған.
"Марқұмның отбасына осы уақытқа дейін қандай да бір қауіп төнген жоқ. Күзетте болған қызметкерлердің түсіндіруінше, ер адам күзет нысанынан 23.30-да жеке автокөлікпен шығып кеткен", – делінген полицияның хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Шерзаттың өлімі: Күдіктілердің туыстары істі екіжақты қарауды талап етіп бейнеүндеу жолдады
Өзге ақпарат жария етілмейді. Сондай-ақ, Полиция департаменті тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.
Еске салайық, 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат төбелес кезінде жарақат алып, қайтыс болды. Бұл іс бойынша полиция 11 адамды ұстады. 12 қазанға қарағанда марқұм Шерзаттың отбасы тұрған үй өртеніп кетті. Бас прокуратураның хабарлауынша, үй қасақана өртелген.