Тікелей эфир

Талдықорғанда кішкентай қыздарға азғындық жасамақ болған азамат іздестіріліп жатыр

Осы оқиғадан кейін ата-аналар балаларын аулаға шығаруға қорқып отыр.

Талдықорғанда кішкентай қыздарға азғындық жасамақ болған азамат іздестіріліп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Белгісіз ер адам көпқабатты үйдің ауласында жүрген 6-8 жастағы балаларды алдап, арам ойын іске асырмақ болды дейді тұрғындар. Бірақ кездейсоқ көріп қалған азамат қыздарға араша түсіп, күдікті қашып кеткен екен.

Осы оқиғадан кейін ата-аналар балаларын аулаға шығаруға қорқып отыр. Жұрт бейнебақылау камераларын орнатып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрайды.

Талдықорғанды шулатқан оқиға үйдің екінші қабатында болыпты. Еңгезердей еркек кішкентай қызға азғындық жасамақ болып шалбарын шешіп жатқанда сырттан біреу кіріп қалған көрінеді. Арам ойы іске аспаған ер адам бірден қаша жөнелген екен. Тұрғындардың айтуынша, бала бұл үйде тұрмайды. Осы маңдағы ойын алаңында ойнап жүрген екен. Белгісіз ер адам оны алдап дәлізге кіргізуі мүмкін дейді азаматтар.

"Ол қыз өзі жуас. Өз бетімен жүгіріп ойнайтын қыз. Еркек бір сағат қызды аңдып жүрген. Мұнда алып келіп, арам ойын жүзеге асырмақ болған. Бірақ оған біреулер кедергі келтірген. Еркек қашып кеткен. Қыз қорқып, болған оқиғаны анасына бір сағаттан кейін бірақ айтқан. Бала шошынып қалған, кіндігіне дейін көтеріп тастаған", – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Дана Омарова.

Полицияға жағдайды қыздың анасы хабарлаған екен. Аулада бейнебақылау камераларының болмауы да істі қиындата түскен. Ал тұрғын үйдің кіреберісіндегі құрылғы істемейтін болып шыққан. Үрейленіп қалған ата-аналар балаларын үйден шығармай отырғандарын айтады.

Ал тәртіп сақшылары күдіктіні жер-көктен іздеп таппай жатыр. Сондықтан ата-аналарды сақ болуға шақырады.

"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіні іздеуге жеке құрам түгел жұмылдырылды. Тыныштық сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Жағдай толық полиция департаментінің бақылауында. Сонымен қатар дәл осы шағын ауданда белгісіз ер адам 6-8 жастағы қыздардың белінен төмен қол жүгірткен дейді тұрғындар. Қазір мән-жай анықталып жатыр", – дейді Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Серіктестер жаңалықтары