Махамбет ауданының эвакуациялық комиссиясының шешімімен, Талдыкөл ауылының тұрғындарын жалпы түрде эвакуациялау басталды, деп хабарлады Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.
Су басу қаупінің күшеюіне байланысты, толық эвакуациялау тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
Тұрғындар Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің #1 жатақхана базасындағы эвакопунктке орналасады. Сонымен бірге, өз қалауымен туыстарының үйіне де бара алады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, Талдыкөл ауылында Қорғаныс министрлігінің 59 сарбазы, Төтенше жағдайлар министрлігінің 17 қызметкері және арнайы техникалар жұмылдырылуда.
Оқи отырыңыз: Құлсарыдағы су тасқыны: Малынан айрылғандарға 120 млн теңгеден астам өтемақы төленді
Еске салайық, Талдыкөлде 207 тұрғын Атырау қаласына эвакуацияланып, 422 тұрғын өз қалауларымен туыстарының үйіне орналасқан болатын.
Қазіргі уақытта Талдыкөл ауылында қалған 250 тұрғын толық эвакуациялануда. Айта кетейік, Талдыкөл ауылында 1,2 мыңға жуық тұрғын тұрады.