Атырау қаласындағы "Көктем" ықшам ауданында үш жылдан бері салынып жатқан мектеп құрылысы аяқсыз қалып отыр. Әкімдік бюджеттен бөлінген үш миллиард теңгені азсынып, қосымша тағы бір миллиард теңге сұрап отыр. Шенеуніктер құрылыс материалдарының қымбаттап кеткенін алға тартады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Құрылыстың ұзаққа созылуы салдарынан мыңнан астам оқушы үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Ата-аналар балаларының оқу үлгерімі мен қауіпсіздігіне алаңдап отыр.
"3 ауысыммен оқиды. Таңғы 7-де кетеді, кешкі 8-де келеді. Қайдағы білім?! Жаңа мектепті жасап берсін! Жылда уәде береді, 2021-де басталып, 2022-де бітеді деген. Бірақ әлі жоқ", – дейді қала тұрғыны Сәуле Әжіғалиева.
Ата-аналар "балаларды өзге ауданға тасу қиын" деп налиды. Жолдың сапасыздығы мен көлік тапшылығы да жағдайды ушықтырып тұр.
"Жұлдыз ықшам ауданында 3 мектеп бар, бізде біреуі де жоқ. Балаларымызды балшық кешіп, автобус күтіп Ақсайға апарамыз. Немерелеріме жаным ашиды", – дейді тұрғын Раш Насырова.
Ал шенеуніктер мектептің жобалық-сметалық құны ескіріп кеткенін айтып, жобаға қайта түзетулер енгізіліп жатқанын жеткізді.
"Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтаған жоқ. Жоспар бойынша қыркүйек айында аяқталады", – дейді облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қабырбай.
Мердігер компанияның айтуынша, әкімдік қаржының тек 27%-ын ғана аударған, сондықтан құрылыс баяу жүріп жатыр.
"Бізге 800 миллион теңге ғана төленді. Қалғанын күтпей, өз қаражатымызбен жұмыс істеп жатырмыз", – дейді мердігер өкілі Ақжол Жарас.
Әкімдік өкілдері жаңа мектепті жаңа оқу жылына дейін пайдалануға береміз деп сендірді. Алайда ата-аналар уәде емес, нақты нәтиже күтеді.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63