Тікелей эфир

Сыр өңірінде 87 мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады

Биылдан бастап Қызылорда облысындағы барлық бастауыш сынып оқушыларының және 5-11 сыныптағы әлеуметтік көмекті қажет ететін оқушылардың тегін ыстық тамағына қаржы бөлінді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "Әділетті Қазақстан: Сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт" атты мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы педагогтерінің республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында атап өтті.

Аймақ басшысы балаларды әлеуметтік қолдау жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін айтты.

"Осы оқу жылында балабақшалардағы арнайы санаттағы балалардың ыстық тамағына жергілікті бюджеттен қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Жаңа әдістемеге сәйкес, бұл қаражат мемлекеттік балабақшалармен қатар жекелерге де бағытталады. Биыл алғаш рет 1-4 сыныптарда оқитын 70 мыңнан аса баланы тегін ыстық тамақпен қамтыдық, бұған жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге қаралды. Ал 5-11 сыныпта білім алатын әлеуметтік көмекті қажет ететін 17 мыңға жуық оқушының тегін ыстық тамағына 3,3 млрд теңге бөлінді", –  деді Нұрлыбек Машбекұлы.


Оқи отырыңыз: Алматыда оқушыларды тегін тамақтандыру үшін 20 млрд теңге бөлінеді


Облыс әкімі өз баяндамасында колледждерде кәсіби маман дайындау әлі де өзекті екенін айтты.

"Өкінішке қарай, кейбір жастар мамандық таңдауда еңбек нарығының сұранысын ескермейді. Жұмысшы кәсібін меңгеруге ықылас таныта қоймайды. Бүгінде техникалық мамандықты игерем деген әрбір түлекке мемлекет тарапынан қолдау бар. Біз жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтып келеміз. Биыл 4,5 мыңнан аса балаға тегін грант береміз", – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, студенттердің, әсіресе ауыл балалары үшін жатақхана мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Осы жылы Қаржы орталығы арқылы Арал ауданындағы Арал индустриалды колледжінің жатақханасы салынды, жақын арада нысан пайдалануға берілмек.

Балалардың бос уақытында үйірмеге баруы өте маңызды. Осы ретте қала, кент, ауылдардағы мектептерде Оқушылар сарайы мен Өнер мектептерінің филиалдарын ашу жоспарланып отыр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан оқушылары жаңа оқу жылында күзгі, қысқы және көктемгі демалыста қанша күн демалады


Бұдан өзге облыс әкімінің тапсырмасымен 2 маусымдық лагерь жыл бойы жұмыс жасауға көшті. Келесі жылы жеткіншектердің облыстағы және еліміздің алдыңғы қатарлы демалыс орындарында тынығуына жағдай жасалады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары