Тікелей эфир

Шымкенттегі ОҚМПУ "мемлекеттік" мәртебесінен айырылады

Университетке этнограф, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімі беріледі.

Ашық НҚА порталында жарияланған ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығының жобасына сәйкес, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің атауын өзгерту жоспарланып отыр. 

Атап айтқанда, біріншіден, университет атауындағы "мемлекеттік" сөзі алынатын болса, екіншіден, жоғары оқу орнына этнограф, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімі беріледі.

Университет Өзбекәлі Жәнібеков атындағы "Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп қайта аталады. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы студент қалай 115 мың теңге стипендия ала алады? Шәкіртақы түрлеріне шолу


Оқу орнының атауын өзгерту Республикалық ономастикалық комиссиясының биылғы маусымдағы шешіміне сәйкес жүзеге асады. Университеттің атауын өзгерту туралы бастаманы Ғылым және жоғары білім министрлігі көтерген. 

"Университетке Өзбекәлі Жәнібеков есімін беру жоғары оқу орындарының оқытушыларының мәртебесін арттырады және қазақстандық ғалымдардың ғылымға қосқан үлесінің жоғары бағасын көрсетеді", – делінген бұйрық жобасының түсіндірме жазбасында. 

Бұйрық жобасын жария талқылау мерзімі – 24 шілдеге дейін. 

Серіктестер жаңалықтары