Тікелей эфир

Шымкенттегі ең үлкен балалар кітапханасындағы елу шақты маман жұмыссыз қалуы мүмкін

Шымкенттегі ең үлкен Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы 67 жыл бұрын салынған.

Шымкенттегі ең үлкен балалар кітапханасындағы елу шақты маман жұмыссыз қалуы мүмкін, себебі мекеме Түркістан қаласына көшірілмек. Ал, қызметкерлер басқа қалаға барудан бас тартып отыр, себебі, пәтер жалдап тұру қалтаға салмақ түсіреді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Шымкенттегі ең үлкен Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы 67 жыл бұрын салынған. Жылына 24 мың оқырман қабылдайтын мекеме екі ай бұрын жабылды. Содан бері мұндағы 50 маманнан маза кеткен, өйткені  жұмысты жалғастырғысы келетін қызметкерлер Түркістан облысына көшу керек.

"50 шақты қызметкер далада қалайын деп тұрмыз. Біздің кітапханашының айлығы 150 мыңға да жетпейді. Ол айлықпен екі ортада барып келудің өзі оңай емес. Ол жақта тұрғын үй мәселесі де қиын. Өз қалтамыздан пәтер жалдап тұруымызға тура келеді", – деді кітапханашы Гүлзира Тұрғынбаева.

Кітапханашылар мардымсыз айлыққа басқа қалада пәтер жалдап, күн көру мүмкін емес екенін айтуда. Қызметкерлердің басым бөлігі отбасылы, жалғызбасты және зейнет жасындағы әйелдер.

"Мен бұл кітапханада 37 жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Зейнетке шығуыма 2,5 жыл ғана қалды. Мен енді жұмысты қайдан табамын? Түркістанға төрт сағаттап қатынап жұмыс істеу миға сыймайды. Біздің алдымызда Пушкин атындағы кітапхананы көшірген. Қызметкерлерінің бәрі дерлік Түркістанда жұмыс істей алмай, қайтып келді. Қазір жұмыссыз", – деді кітапханашы Файгель Ахлиукова.


Оқи отырыңыз: Түркістанда базарлар ішінде кітапхана ашу жобасы басталды


Екі айдан бері кітап жинап жүрген қызметкерлер Шымкент қаласы әкімдігінен бастап, министрлікке дейін хат жазған. Министрліктен жауап әлі күнге дейін келмеген. Мамандарды жалақымен қамтып отырған Түркістан облысының әкімдігінің өкілдері қызметкерлерге Шымкенттен жұмыс тауып беруге міндетті емес екендерін айтуда.

"Алтынсарин кітапханасының ғимараты Шымкент қаласының меншігінде. Сол себепті біз Алтынсарин кітапханасында ешқандай штат қысқартылмайды. Алтынсарин кітапханасы жабылмайды. Өз атауын сақтай отырып, Түркістан қаласына көшіріліп отыр", – деді Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Эльвира Момынова.

Алтынсарин кітапханасындағы елу маманның тағдыры ешкімді мазалап тұрған жоқ. Облыс әкімдігі Түркістаннан жұмыс ұсынып тұрғанын айтса, қалалық жауаптылар қала кітапханаларында орын жоқ деп шығарып салған.

Серіктестер жаңалықтары