Шымкентте тұрғындар дауыс беруге әуе шарымен келді

Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі
Шымкентте сайлау күні ерекше оқиғамен есте қалды.

Қала тұрғындарының бірі өз таңдауын жасауға әуе шарымен келіп, көпшіліктің назарын аударды. Әуе шары дауыс беру учаскесінің маңына сәтті қонып, саяси науқанның алғашқы сағаттарына ерекше сән берді.

Әуе шарымен келген тұрғын дауыс беру учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Ерекше көрініске куә болған тұрғындар мен учаскеге келген азаматтар бұл сәтті қызығушылықпен тамашалады. Осылайша, Шымкентте басталған сайлау күні ерекше әрі есте қаларлық оқиғамен жалғасын тапты.

Бүгін елімізде Құрылтай сайлауы басталды. Шымкент қаласындағы барлық сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, азаматтарды қабылдауда. Таңғы уақыттан бастап тұрғындар сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасап, саяси науқанға белсенді қатысуда.

Шымкент қаласында жалпы саны 713 491 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде Абай ауданында – 191 725, Әл-Фараби ауданында – 121 400, Еңбекші ауданында – 113 027, Қаратау ауданында – 154 774 және Тұран ауданында 132 565 сайлаушы бар.

Қала бойынша сайлау науқанын ұйымдастыруға 371 сайлау комиссиясы қатысуда. Оның алтауы – аумақтық, ал 365-і – учаскелік сайлау комиссиялары. Сонымен қатар, сайлау учаскелерінің 24-і жабық нысандарда орналасқан. Олардың қатарында медициналық ұйымдар, тергеу изоляторлары, қарттар үйлері мен әскери бөлімдер бар.

Сайлау комиссияларының құрамында жалпы саны 2 881 мүше жұмыс істеп жатыр. Оның 2 149-ы саяси партиялардан, ал 732-сі қоғамдық ұйымдардан ұсынылған.

Биыл Шымкент қаласында 10 632 азамат алғаш рет өздерінің конституциялық дауыс беру құқығын пайдалануға мүмкіндік алды. Ал қала бойынша жасы 100-ден асқан 17 сайлаушы тіркелген. Бұл да әртүрлі буын өкілдерінің ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Сайлау барысын халықаралық деңгейде бақылау жұмыстары да жүргізілуде. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының халықаралық байқаушылары Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінде болып, дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын бақылауда. Халықаралық байқаушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, сайлау барысы мен учаскелердің жұмыс тәртібі туралы ақпарат алуда.

Қазіргі уақытта Шымкент тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауда. Ал әуе шарымен келіп дауыс берген тұрғынның ерекше қадамы сайлау күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Азаматтардың әртүрлі жағдайда болса да сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне деген белсенділігі мен жауапкершілігін аңғартады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау