Шымкентте құмар ойынға 443 миллион теңге тіккен шенеуніктер енді қызметімен қоштасуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қалалық прокуратура тексеру жүргізіп, атқамінерлердің бәске басымен кіріп кеткенін анықтаған. Жаңа заңға бағынбаған олардың тәртібін енді жергілікті комиссия қарамақ.
Айта кетейік, былтыр мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилер кез келген құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заң күшіне енген болатын. Қазір құзырлы органдар жаңашылдықты елемей, бәс тігіп жүрген шенеуніктерді жаппай тексеруге көшкен. Соның қорытындысына сәйкес 2024 жылдың басынан бері шымкенттік ақ жағалылар 757 миллион теңгені спорттық ойындарға салғаны анықталды.
Мемлекеттік қызметкерлердің бұл қаражаты ресми табысына сәйкес келе ме деген сауалға прокурорлар жауап іздемек.
"Талдау барысында жергілікті атқарушы органның 161 қызметкері интернет желісі арқылы "Олимбет" тотализаторына бәс тігіп, қатысқаны анықталды. Оның ішінде 50 қызметкер заң қолданысқа енгеннен кейін 443 миллион теңге бәс тіккен", – деді Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары Бекжан Құлатаев.
USD:
507.9 / 511.3
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.49 / 6.61