Шымкентте жолақы қымбаттауы мүмкін. Шенеуніктер қоғамдық көліктерде жүру ақысын 70 теңгеден 120 теңгеге көтеруді ұсынып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Себебі, қазіргі тариф - тасымалдаушы компания шығынын ақтамайды. Ал әкімдіктің өкілдері бұл мәселені зерттеп, жаңа жылда ортақ шешімге келмек. Бірақ атқамінерлердің жоспары тұрғындардың көңілінен шыға қоймады.
Миллионнан астам халқы бар Шымкентте жол құны соңғы тоғыз жылдан бері өзгермеген екен. Бірақ қоғамдық көлікте жүру ақысының бірден 50 теңгеге қымбаттайтынын әкім Ғабит Сыздықбеков талай мәрте ескерткен. Мұндай жоспардың бар екенін жауапты басқарманың өкілдері де жасырмайды.
Бірақ жергілікті тұрғындар бағаны көтеруге қарсы. Себебі, 120 теңге қалтаға салмақ түсіреді деп отыр. Қымбатшылық қыспаққа алған кезде көпшілікке жауаптылардың ұсынысы ұнаған жоқ.
Мамандардың айтуынша, қалада жолаушы тасымалдаумен айналысатын 12 компания бар. Бас-аяғы мыңға жуық автобус халыққа қызмет көрсетеді. Тасымалдаушылардың шағымы көбейген соң тарифті көтеру мәселесі туындаған екен. Енді жолақының нақты қанша теңгеге қымбаттайтыны келесі жылы қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болмақ.
lw-3094948329-1
USD:
505.1 / 510.1
EUR:
594.0 / 600.0
RUB:
6.43 / 6.55