Шымкентте Instagram әлеуметтік желісінде 150 мыңға жуық оқырманы бар блогер мен оның үш сыбайласы кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерден ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ПД.
Шымкент қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы әлеуметтік желілерде беделге нұқсан келтіретін бейнематериалдарды жариялаймын деп қорқытып, ақша бопсалаумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты.
Полицияның мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында Instagram-да 150 мыңға жуық оқырманы бар жергілікті блогердің үш сыбайласымен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерді әдейі бейнетаспаға түсіріп жүргені анықталған.
Тергеудің алдын ала мәліметі бойынша, күдіктілер қызметтік міндеттерін атқару кезінде болған деп болжанған тәртіп бұзушылықтар мен кәсіпкерлік қызметке қатысты болуы мүмкін заң бұзушылықтарды сылтау етіп, түрлі бейнематериалдар жинаған. Кейін олар аталған бейнежазбаларды әлеуметтік желілерде жарияламау үшін азаматтардан ақша талап еткен.
Полицияның хабарлауынша, күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазір олардың әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында істің барлық мән-жайы анықталмақ.