Тікелей эфир

Шымкентте бұғанасы қатпаған балалар өзінен ауыр жүкті арқаға салып, мектепті көшіріп жүр

Мектеп ұжымы білім күні қарсаңында жанталасып басқа ғимаратқа көшкен.

Шымкенттегі №33-ші жалпы орта мектептің оқушылары жаңа оқу жылына дайындалудың орнына білім ошағының мүлкін тасып жүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себебі, аталған мектептің ұжымы білім күні қарсаңында жанталасып басқа ғимаратқа көшті. Қалада тозығы жетіп, төбесі құлауға аз қалған тағы бір мектеп амалсыз оқу жылын қорқынышпен атқаруға мәжбүр.

Көктемде апатты деп танылған білім ошағының ұстаздары мен оқушылары мектептің бар мүлкін табанынан таусылып басқа ғимаратқа тасымалдаған. Енді мұндағы шәкірттер жекеменшік мектеп пен №3-ші балалар үйінде оқитын болады.

Бірақ бұл білім ошағына оқушылардың қашан оралары белгісіз. Өйткені әбден тозығы жеткен нысанды толық сүріп, қайта салу қажет дейді мамандар.

Қаланың қақ ортасындағы Қарсыбай Спатаев атындағы мектептің де жағдайы мәз емес. 100 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген нысан қабырғасының сыртқы қабаты сөгіліп кеткен. Әсіресе төбесі опырылып ортасына түсуге жақын. Ал кәріз жүйесі шіруге айналған. Есік-терезесінің көбі әйнексіз қалып, қағазбен қапталған.

"Күрделі жөндеуден өтпеген. Бірақ ағымдағы жөндеу жұмыстары жылда жүргізіледі. Биыл жөндеуге 940 мың теңгенің жобасында қаржы бөлінген. Оған мектептің екі спорт залы мен дәлізі ғана сырланып, әрленген. Енді біздің мектепке негізі күрделі жөндеу қажет", – деді №7 жалпы орта мектебінің ұстазы Қанат Сарыбаев.

Мектептің мұндай күйімен қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің өзі де былтыр күзде танысып кеткен дейді мұғалімдер. Қазір бастауыш сыныптағы 200-ден астам бала спорт залдың қақ ортасынан тақтаймен бөлінген мына қабырғаның арғы жағында тамақтануға мәжбүр. Себебі мектептің аядай асханасында 1 және 4-ші сыныптағы 800-ден астам бүлдіршінді ыстық аспен қамту мүмкін емес дейді мектеп ұжымы.

"Бүгін, ертең бітетін мектеп емес. Өйткені сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін біз оның ПСД-сын дайындап әрі қарай құжатын, ақшаларын отырғызып, одан кейін барып мердігер анықталады. Білім басқармасының қабылдау комиссиясы шығып, дайындықтарын пысықтап, бүгінгі таңға 100 пайыз дайын деп мәлімет беріп отыр. Биыл 260 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайтын болады. Жалпы, ел бойынша бас-аяғы 50-ден астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүрігізіліп жатыр. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған дейді оқу-ағарту министрлігінің өкілдері. Сондықтан оқушылар әзірге төңіректегі білім ошақтарына қатынап оқиды", – деді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Әшірбек Айтиев.

Серіктестер жаңалықтары