Шымкентте алғаш рет ең тәтті Balmuzdaq Fest фестивалі өтіп жатыр

Шымкентте  "Балмұздақ фест"  жобасы басталды.

Ең тәтті фестиваль 18-19 маусым күндері  Арбат демалыс алаңында өтеді. Шараның алғашқы күні келушілер саны көп болды. Фестте тек қала тұрғындарын ғана емес, шетелдік қонақтарды да көзіміз шалды. 

"Мен мұндай жобаны алғаш рет көрдім". Шырайлы Шымқалаға саяхаттап келген Катар елінің азаматы Абдул Азиз "Balmuzdaq Fest" жобасы туралы пікір білдірді. Әрі ол  Шымкенттің туған күнінен тұспа-тұс келгеніне ерекше қуанғанын айтты. 

Абдул Азиз Нассер Ашканани, турист: "Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Маған халықтың қонақжайлылығы қатты ұнады. табиғаты да өте тамаша. Мен Шымкентке қала күніне тұспа-тұс келген екенмін. Мұны білгенде қатты қуандым. Әрі бүгін ерекше фестивальге қонақ болдым, мұндағы бағалар біздің елімізге қарағанда әлдеқайда арзан екен. Шымкент тұрғындарын қала күні мейрамымен шын үректен құттықтаймын. Қала әрқашан дамып, гүлдене берсін!"

Ал Шымкент тұрғыны Назира Анарбекова бүгінгі тәтті мерекені естіп немерелерін арнайы алып келіпті. Тіпті, көршілес Өзбекстанның Ташкент қаласынан да немересін шақыртыпты. 

"Фестиваль туралы естіп бірден келеміз дедік. Арнайы жеңілдіктері бар екен. Немерелерімді алып келдім. Өте қатты ұнап жатыр",– дейді Назира.

"Алғаш рет өткізіліп отырған шараның басты мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы көңіл күй сыйлау",– дейді ұйымдастырушылар. Әрі бұл фестиваль – кәсіпкерлерге өз өнімін таныстыруға үлкен мүмкіндік екендігін айтады. 

Ерлан Қыдыров,  Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: "Шымкент қаласы қонақжайлылығымен, тағамдарымен әйгілі. Ауа-райы да тамаша. Қала тұрғындары мен қонақтары біздің балмұздақтан да дәм ауыз тиіп кетсін деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз. Бүгін бізге тағы да ұсыныс түсті. Далада балмұздақ сататындар да мүмкіндік беруді сұрап жатыр. Біз келісімізді бердік. Ертең олар да өнімдерін шығарады". 

Екі күнге жалғасатын фестиваль күндізгі сағат 11:00-ден кешкі 20:00-ге дейін болады.

Шымкент қаласын еліміздің гастрономиялық орталығына айналдыру мақсатында жүзеге асқан фестивальде тіскебасарлар ғана ұсынылып қоймай, концерттік және аниматорлық ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылған. Одан өзге, қыш-құмыра, аква грим жасаудан шеберлік сабақтары өтіп, келушілерге "Шымкент шайы" таратылады.

Автор Мөлдір Ибадуллаева

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары