Шымкентте сегіз жастағы қызға тиісіп, оны ақша ұсынып өзімен бірге алып кетпек болған 56 жастағы ер адам 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Алғашқы сотта оған 216 мың теңге айыппұл салынған. Жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспей, істі қайта қарауға шағымданған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Оқиға сәуір айында көпқабатты үйдің аумағында болған. Тергеу мәліметінше, ер адам көрші үйде тұратын сегіз жастағы қызды алдымен шоколад алып беруге шақырған. Ер адам қыздың соңынан еріп, лифтіге кірген. Сол жерде де ақша ұсынып, оны өзімен бірге алып кетуге тырысқан. Алайда жеткіншек ер адамның ниетінен күдіктеніп, лифтіден қашып шыққан. Соған қарамастан 56 жастағы тұрғын қызды құшақтап, оған тиісіп үлгерген.
Жәбірленушінің адвокаты Есбол Әбдірахмановтың айтуынша, оқиға көпқабатты үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
"Артынан жүріп бара жатқан кезде бейнеде нақты көрінеді. Артынан қалмай жүргені және шалбарын шешкені бар. Кішкентай қыздың жауабында да айтқан. "Замоктың дауысын естідім. Содан қорқып қаштым" деген", – деді адвокат.
Қыз үшінші қабаттан баспалдақпен жоғары қарай қашып, тоғызыншы қабатқа дейін барған. Сол жерде пәтерлердің есігін қағып, көмек сұраған. Абырой болғанда, пәтерлердің бірінде адам болып, тұрғындардың бірі есікті ашқан. Мұны көрген ер адам кері кеткен.
Жәбірленушінің анасы Феруза Садыкова қызының қазіргі жағдайы бірқалыпты екенін, алайда оқиғадан кейін ер адамдардан қорқып қалғанын айтты. Оның сөзінше, отбасы оқиғадан кейін басқа жерге көшіп, қыздың мектебін де ауыстырған. Қазір балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Сотта 56 жастағы ер адам өз кінәсін толық мойындамаған. Алғашқы сот шешімімен оған 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Жәбірленуші тарап бұл үкіммен келіспей, шағым түсірген. Іс қайта қаралып, сот айыпталушының әрекеті дәлелденгенін ескеріп, оған қатаң жаза тағайындады.
Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Болат Қарабаевтың айтуынша, сотталушы екінші топтағы мүгедек, тұрақты жұмысы жоқ және бес баласын жалғыз тәрбиелеп отырған.
Кәмелетке толмаған балалар қазір Шымкент қаласы білім басқармасының қарауына беріледі. Осы бойынша педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазым құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді судья.
Сотталушының жұбайы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Оның қарауында кәмелетке толмаған балалары бар. Жаңа сот үкімі бойынша ер адам 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, кәмелетке толмағандармен және педагогикалық қызметпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.