Шымкент қаласының іргесінде болған жантүршігерлік жол апатынан бір әулеттің үш мүшесі көз жұмды. Қаза тапқандардың екеуі – кәмелетке толмаған балалар, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қайғылы оқиға жүк көлігі мен Chevrolet Cobalt автокөлігінің бетпе-бет соқтығысуынан болған. Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл көлік түгелге жуық қирап, оның ішіндегі адамдар оқиға орнында қаза тапқан.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, жүк көлігінің жүргізушісі тежегішті баспай, жеңіл көлікті шамамен 100 метрге дейін сүйреп кеткен. Олар апаттың нақты себептері толық анықталып, кінәлі адамның заң алдында жауап беруін талап етеді.
Қаза тапқан 11 жастағы Айдостың анасы Нұрила Үсенбекова апат алдында ұлының басқа көлікке ауысып кеткенін айтып, баласымен соңғы рет қоштаса алмағанын жеткізді.
Отбасының айтуынша, олар сол күні Арыс қаласынан Шымкентке балаларға мектеп киімін сатып алу үшін шыққан. Астанадан келген туыстары да өз көлігімен бірге жүрген. Жолда олардың көлігі жүк көлігімен соқтығысқан. Марқұмдардың жақындары жүк көлігі жүргізушісінің оқиғадан кейін кешірім сұрамағанын айтып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр.
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Шымкент – Бадам автожолында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады", – деп мәлімдеді полиция.
Қазіргі уақытта апаттың нақты себебі мен қай жүргізушінің кінәлі екені тергеу барысында анықталады.