"Шымбұлақ" кезекті рет ТМД-дағы ең үздік курорт деп танылды 

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Ал "Шымбұлақтың" бас директоры Ринат Абдрахманов "Ең үздік тау-шаңғы курортының басшысы" атанды.

Мәскеуде тау-шаңғы саласының үздіктерін анықтайтын SKI BUSINESS AWARDS жүлдесінің қорытындысы жарияланды. 2024-2025 маусымының нәтижесі бойынша "Шымбұлақ" тау курорты ТМД елдеріндегі ең беделді номинация – "Ең үздік тау-шаңғы кешені" аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды. Сонымен қатар, биыл енгізілген жаңа номинация – "Ең үздік тау-шаңғы курортының басшысы" аталымында "Шымбұлақтың" бас директоры Ринат Абдрахмановтың еңбегі ерекше атап өтілді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл байқауға 50 номинация бойынша 240-тан астам үміткер қатысқан. Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімі мен ірі тау-шаңғы порталы Ski.ru ұйымдастырған ашық дауыс беру нәтижесінде анықталды. Үздіктерді анықтау кезінде компаниялардың саланың дамуына қосқан үлесі ғана емес, сала жетекшілерінің жеке жетістіктері де ескерілген.

Айтай кетейік, "Шымбұлақ" ТМД-дағы «Ең үздік тау-шаңғы кешені» аталымында қатарынан үшінші жыл үздік деп танылып отыр. 2022 жылы курорт ШЫҰ елдері арасындағы "Ең үздік тау-шаңғы курорты" атағын иеленсе, өткен жылы ТМД курорттары арасында негізгі марапатпен қатар, "Ең үздік глэмпинг/кемпинг" аталымында да жеңімпаз болған. 

"Өткен маусымда "Шымбұлаққа" 1,5 миллионнан астам адамның келгені – курортқа тек жергілікті ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. SKI BUSINESS AWARDS марапатының биылғы жеңісі – бұл команданың кәсіби жұмысының, инфрақұрылымды дамыту және қызмет сапасын арттыру жолындағы еңбегінің нәтижесі. Мұндай беделді марапаттар өңіріміздегі өзге де тау-шаңғы курорттарына серпін беретіні анық", – деді Еуразиялық тау курорттары альянсының бас хатшысы Андрей Кукушкин.

SKI BUSINESS AWARDS жүлдесі 2018 жылы тау-шаңғы индустриясының кәсіби мамандарын ынталандыру және саланың беделін арттыру мақсатында тағайындалған. Жыл сайын бұл марапатқа "Роза Хутор", Oi-Qaragai Mountain Resort, "Эльбрус", "Красная поляна", "Шерегеш»" сияқты әйгілі курорттар үміткер болып келеді. "Шымбұлақтың" кезекті рет ТМД аумағында үздік курорт деп танылуы Қазақстандағы тау-шаңғы саласының жоғары әлеуетін және елдің туристік беделін арттыруға қосқан үлесін айқын көрсетіп отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары